Салқындату жүйесіне техникалық қызмет көрсету және оның ақаулары

Салқындату жүйесінің бірқалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін мынадай ережелерді бұлжытпай орындау қажет.

Салқындату жүйесіне таза, мүмкіндігінше жұмсақ су кұяды. Жұмсақ судың сыртқы белгісі — жақсы сабынданатындығы. Салқындату жүйесінен құйып алынған суды қайтадан пайдалану ұсынылады, өйткені онда әк тұзы аздау болады. Кермек суды жұмсарту үшін 30 минуттай қайнатады, сондай-ақ оған стерильді сода немесе үшнатрий фосфат қосады. Судың кермектілігіне қарай 10—20 г үшнатрий фосфатты немесе стерильді соданы 10 л ыстық суға ерітеді.

Суды радиатордың жоғарғы багындағы қылта аузына дейін кұяды, ал жұмыс кезінде су деңгейі жоғарғы қылта ауыздан 8 см-ден төмен түсіп кетпеуін қадағалайды.

Двигатель қатты ысып кеткен жағдайда салқындату жүйесіне суды азаздан құяды, әрі осы кезде двигатель жұмыс істеп тұруы тиic. Кыс кезінде салқын двигательге тым ыстық су құюға болмайды. Өйткені температура күрт өзгерген жағдайда цилиндрлер қалпақшасы мен блок сызаттанып жарылуы мүмкін.

Радиатордағы су температурасы 100°С асып кеткенде жұмыс істеуге болмайды.

Тракторға техникалық қызмет көрсеткенде тракторшы смена сайын радиатордағы су деңгейін тексереді. Мұндайда радиатордың қылта аузындағы қақпағын ашқанда, одан шығатын ыстық су мен будың бет пен қолды шарпып күйдіріп кетпеуіне абай болған жөн. Антифриз буланып ұшып кеткен жағдайда толтыра су құйып су аққан жері болса бітейді. Корпустың ағызу тесігінен су насосына судың көптеп ағуы — насостың нығыздағыш құрылғысының тозғандығын аңғартады. Сондықтан оны жаңалап салу қажет. Егер су ақпаса да су шығыны көп болатындығы аңғарылса, онда бу-ауа клапанын тексереді.

Әрбір 60 сағат жұмыс істегеннен кейін су насосының подшипниктерін майлайды. Ол үшін май сауытын жақсылап тазартып, оған шпрнцпен 3—4 рет солидол айдайды. Желдеткіш ременінің керілісін тексереді. Желдеткіш ремені бірқалыпты керілген жағдайда, оның орта түсынан 30—40 Н күшпен басқанда бүгілуі 10—15 ммден аспайды (ауамен салқындатылатын двигательде 15—20 мм). Жетек ременінің керілу және бүгілу күшін арнайы жабдықпен өлшеген жөн. Желдеткіш ременінің керілуін ретке келтіру үшін генераторды немесе арнайы кергіш роликті орнынан жылжытады.

Желдеткіш ременін тым қатты кергенде подшипниктердің уағынан ерте тозатындығын, ал бос керілгенде двигательдің қызып, ременнің тез тозатынын ескерген жөн.

Майланған ременді бензинге батырылған шүберекпен сүртеді.

Әрбір 960 сағат жұмыс істегеннен кейін салқындату жүйесін арнайы ертіндімен жуып (мәселен, 1 л суға 100 г кір жуатын сода және 50 г керосин), қағын түсіреді. Ерітінді құйылған трактормен бір смена жұмыс істегеннен кейін, оны төгіп, салқындату жүйесін таза сумен шаяды. Ауамен   салқындатылатын двига­тельдерде желдеткіштің қорғаныш торын, цилиндрлер мен олардың қалпақшаларының арасын тазартады.

Маусымдық техникалық қызмет көрсету кезінде термостат пен термометрдің жұмысын тексереді. Термостатты корпустан шығарып алып, ыстық су құйылған ыдысқа салады. Су температурасы 70° С жеткенде термостаттың негізгі клапанының тесіктері ашыла бастап, 85° С жеткенде толық ашылады. Клапанның толық жүрісі шамамен 9 мм.

Дистанциондық термометр көрсеткішін, радиатордың қылта аузына салынған сұйықтық термометр көрсеткішімен салғастырады. Егер термостат немесе дистанциондык термометр бұзық болса, онда оларды ауыстырады.

Салқындату жүйесінің акауы көбінесе двигательдің қызып кетуінен болады. Радиатордағы судың қызып кету себептері мынадай: салқындату жүйесінде судың жетімсіздігі, желбезектің немесе радиатор пердесінің жабық тұруы, су тысына қақтың жиналуы немесе ластануы, желдеткіш ременінін босауы немесе майлануы, двигательге күштің көп түсуі, термостаттың ақаулығы, су насосы, қанатша штифтісінін қиылуы (кейбір двигательдерде).

Қыста салқындату жүйесінде су қатып қалуы мүмкін, мұның өзі детальдардың суынуына әкеп соғады, себебі су қатқанда оның көлемі ұлғаяды. Соның әсерінен цилиндрлер блогы, радиатордың қалпақшалары мен түтіктері жарылады. Сондықтан түнге қарай салқындату жүйесіндегі суды ағызып тастау қажет. Мүмкіндігінше қыста салқындату жүйесіне   антифриз құйған жөн.

Соңғы кезде салқындатқыш сұйықтық ретінде «Тосол — А40» антифриз қолдану ұсынылды. Оны салқындату жүйесіне екі жыл бойы пайдаланып, сонан кейін алмастырады. Бір ескеретін жайт, антифриз өте улы, ол асқазан мен ішекке түскенде уландырады. Бұл сұйықтықты резеңке қолғапсыз құюға, шлангіге ауызбен соруға және де онымен жұмыс істеген кезде темекі тартуға, тамақ ішуге мүлде болмайды.

Ауамен салқындатылатын двигательдің қызып кетуі — желдеткіш ременінің бос керілуінен, майлануынан немесе тозуынан, желдеткіштің қорғаныш торының, цилиндрлер аралығының және оның қалпақшасынын бітелуінен болады.

 

Добавить комментарий