ЖАЗЫҚТЫҚТА БЕЛГІ САЛУ. БЕЛГІ САЛУДЫҢ МӘНІ МЕН МАҚСАТЫ.

Жұмысқа кірісе отырып, слесарь болашақ детальдың чертежін, қажетті бұйымды жасауға керекті металл кесегі және дайындаманы алады.

Дайындаманың көлемі жасалатын бұйымның көлемінен әрқашан да үлкен болады. Оның керекті формасы мен көлемін алу үшін оның сыртқы бетінен металдың белгілі бір қабатын алып дайындаманы өңдеу қажет. Өңдеу кезінде жонылып алынып тасталатын металл қабатын қалым деп атайды.

Өңдеуді қалай жүргізу керек? Мысалы, мынадай тәсіл қолдануға болады; дайындаманы қысқышқа бекітеді де керекті құрал-сайманды (мысалы, егеуді) алып, металды аздап жонады, содан соң өлшейді, сөйтіп керекті форма мен көлемге жеткенше тағы да өңдейді. Бірақ, бұл тәсіл жұмыс уақытын көп ысырап етуге байланысты. Сірә, басқа тәсіл неғұрлым тиімді болатын шығар: чертежге сәйкес белгі салынады, дайындама бетіне сызық риска түсіріледі, содан кейін осы сызықтарға дейін әңдеу жүргізіледі. Мұнда бекітуге — дайындаманы түсіріп, өлшеуге кететін уақыт шығыны жойылады.

Чертежде көрсетілген детальдардың формалары мен көлемін дайындама бетіне түсіру операциясын белгі салу деп атайды.

Белгі салу дәлдікпен жүргізуді керек ететін жауапты операциялар қатарына жатады. Мұның сапасына болашақ детальдің дәлдігі едәуір дәрежеде байланысты.

Өндірісте қажетті бұйымдар жасап шығару саны онша көп болмаған жағдайда белгі салу кеңінен қолданылады.

Әдеттегі белгі салу әдісінде өлшем дәлдігі 0,5 мм шамасында болады. Дәл белгі салу өлшем дәлдігі миллиметрдің жүзден бір бөлігіне дейінгі дәлдікті қамтамасыз етеді.

Белгі салудың жазықтық және кеңістік деп аталатын екі түрі болады.

Детальдардың пішіні бір ғана жазықтықта жататын болса белгі салудың жазықтық түрі қолданылады. Жазықтыққа белгі салудың кәдімгі сызу жұмысынан (черчениеден) айырмасы жоқ, тек мұнда чертеж қарындашпен қағазға салынбайды, үшкір металл таяқшамен дайындамаға салынады.

Белгі салудың кеңістік әдісін қолданғанда белгі сызықтары бірнеше жазықтыққа немесе беттерге жүргізіледі. Әуелі жазықтыққа белгі салуды қарап танысайык.

Comments

Добавить комментарий